Абай Кунанбаев творчество

Стихи, поэмы, биография Абая Кунанбаева

Үшінші Сөз


Қазақтың бірінің біріне қаскүнем болмағының, бірінің тілеуін бірі
тілеспейтұгынының, рас сөзі аз болатұгынының, қызметке таласқыш
болатұгынының, өздерінің жалқау болатұгынының себебі не?

Һəмма ғаламға белгілі данышпандар əлдеқашан байқаған: əрбір жалқау кісі
— қорқақ, қайратсыз тартады, əрбір қайратсыз — қорқақ, мақтанғыш келеді;
əрбір мақтаншақ — қорқақ, ақылсыз, надан келеді: əрбір ақылсыз — надан,
арсыз келеді; əрбір арсыз жалқаудан сұрамсақ, өзі тойымсыз, тыйымсыз,
өнерсіз, ешкімге достығы жоқ жандар шығады.
Мұның бəрі төрт аяқты малды көбейтеміннен басқа ойының жоқтығынан;
өзге егін, сауда, өнер, ғылым секілді нəрселерге салынса, бұлай болмас еді.
Əрбір мал іздеген малым көп болса, өзімдікі де, балаларым да малды болса
екен дейді.
Ол мал көбейсе малшыларға бақтырмақ, өздері етке, қымызга тойып,
сұлуды жайлап, жүйрікті байлап отырмақ.
Қыстауы тарлық қылса, арызы жеткендік, сыйы өткендік, барлық
қызметімен біреудің қыстауын сатып алмақ, ептеп алмақ, тартып алмақ. Ол
қыстауынан айрылған жəне біреуге тиіспек, я болмаса орынсыздығынан елден
кетпек, əр қазақтың ойы осы.
Осылар біріне бірі достық ойлай ала ма? Кедей көп болса, ақысы кем
болар еді, малдан айрылғандар көбейсе, қыстауы босар еді деп, мен ананы кедей
болса екен деп, ол мені кедей болса екен деп, əуелде ішімізбен қас сағындық.
Əрберден соң сыртымызға шықты, жауластық, дауластық, партияластық.
Осындай қастарға сөзім өтімді болсын жəне де ептеп мал жиюга күшім жетімді
болсын деп, қызметке, болыстық, билікке таластық.
Сонан соң не момынның баласы бөтен жаққа шығып, еңбек қылып, мал
іздемейді, егін, сауданың керегі жоқ болады. Өз басын өзі осындай таласпенен
кісі көбейтеміз деп партия жиғандардың бүгін біреуіне, ертең біреуіне кезекпен
сатады да жүреді.
Ұрылар тыйылмайды. Ел тыныш болса, оның ұрлыгын ешкім сүйемес еді.
Ел екі жар болған соң, кім ант ішіп ақтап, арамдығын жақтап сүйеймін десе,
соған жақ болып сүйеніп, бұрынғыдан ұрлығын əлденеше есе асырады.
Елдегі жақсы адамдардың бəрінің үстінен бекер, өтірік «шапты, талады»
деген əр түрлі уголовный іс көрсетіп, арыз береді. Оған дознание — тергеу
шығарады. Өтірік, көрмегенін көрдім деуші куəлар да əлдеқашан дайындап
қойылған, бағанағы жақсы адам сайлауға жарамасы үшін, ол адам басын
құтқармақ үшін жамандарга жалынса, оның да адамдығының кеткені, егер
жалынбаса, тергеулі, сотты адам болып, ешбір қызметке жарамай, басы қатерге
түсіп өткені.

Ол болыс болғандар өзі қулық, арамдықпенен болыстыққа жеткен соң,
момынды қадірлемейді, өзіндей арам, қуларды қадірлейді, өзіме дос болып,
жəрдемі тиеді деп, егер қас болса, бір түрлі өзіме де залал жасауға қолынан
келеді деп.
Осы күнде қазақ ішінде «ісі білмес, кісі білер» деген мақал шықты. Оның
мəнісі: «ісіңнің түзулігінен жетпессің, кісіңнің амалшы, айлалығынан жетерсің»
деген сөз.
Үш жылға болыс сайланады. Əуелгі жылы: «Сені біз сайламадық па?»— деп
елдің бұлданғандығымен күні өтеді. Екінші жылы кандидатпенен аңдысып күні
етеді. Үшінші жылы сайлауға жақындап, тағы болыс болып қаларға мүмкін
болар ма екен деп күні өтеді. Енді несі қалды?
Осы қазақ халқынық осындай бұзықшылыққа тартып, жылдан жылға
төмендеп бара жатқанын көрген соң, менің ойыма келді: Халықтық болыстыққа
сайлаймын деген кісісі пəлен қадəрлі орысша образование алған кісі болсын.
Егер де орталарында ондай кісісі жоқ болса, яки бар болса да сайламаса, уезный
начальник бірлəн военный губернатордың назначениесі бірлəн болады десе,
бұл халыққа бек пайдалы болар еді. Аның себебі: əуелі қызметқұмар қазақ
балаларына образование беруге ол да — пайдалы іс, екінші — назначение
бірлəн болган болыстар халыққа міндетті болмас еді, ұлықтарға міндетті болар
еді.
Уа жəне назначение қылғанда тергеуі, сұрауы барлығына қарамаса, өтірік
арыз берушілер азаяр еді, бəлки жоғалар еді. Уа жəне əрбір болыс елде
старшина басы бір би сайланғандық, бұл халыққа көп залал болғандығы
көрініп, сыналып білінді. Бұл билік деген біздің қазақ ішінде əрбір сайланған
кісінің қолынан келмейді. Бұған бұрынғы Қасым ханның «Қасқа жолы», Есім
ханның «Ескі жолын», Əз Тəуке ханның «Күл төбенің басында күнде кеңес»
болғанда «Жеті жаргысын» білмек керек. Əм, ол ескі сөздердің қайсысы заман
өзгергендікпенен ескіріп, бұл жаңа заманға келіспейтұғын болса, оның орнына
татымды толық билік шығарып, төлеу саларға жарарлық кісі болса керек еді,
ондай кісі аз, яки тіпті жоқ.
Бұрынғы қазақ жайын жақсы білген адамдар айтыпты: «Би екеу болса, дау
төртеу болады» деп. Оның мəнісі — тақ болмаса, жүп билер таласып, дау
көбейте береді дегенмен айтылған сөз. Өйтіп би көбейткенше, əрбір болыс
елден толымды-білімді үш-ақ кісі билікке жыл кесілмей сайланса, олар түссе,
жаманшылығы əшкере білінгендікпенен түссе, əйтпесе түспесе.
Ол билерге даугер адамдар қарамай, екеуі екі кісіні билікке таңдап алып,
үстіне біреуді посредникке сайлап алып, біте берсе, егер оған да ынтымақтаса
алмаса, бағанағы үш бидің біреуін алып, яки жеребемен сайлап алып жүгінсе,
соңда дау ұзамай бітім болар еді.

Абай Құнанбайұлы

Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники