Абай Кунанбаев творчество

Стихи, поэмы, биография Абая Кунанбаева

Екінші Сөз


Мен бала күнімде естуші едім, біздің қазақ сартты көрсе, күлуші еді: «енеңді
ұрайын кең қолтық, шүлдіреген тəжік, арқадан үй төбесіне саламын деп қамыс
артқан, бұтадан қорыққан, кез көргенде «əке-үке» десіп, шығып кетсе, қызын
боқтасқан, «сарт-сұрт деген осы» деп.

Ноғайды көрсе, оны да боқтап күлуші еді: «түйеден қорыққан ноғай атқа
мінсе, шаршап, жаяу жүрсе, демін алады, ноғай дегенше, ноқай десеңізші, түкке
ыңғайы келмейтұғын, солдат ноғай, қашқын ноғай, «башалшік» ноғай деп.
Орысқа да күлуші еді: «ауылды көрсе шапқан, жаман сасыр бас орыс» деп.
Орыс ойына келгенін қылады деген… не айтса соған нанады, «ұзын құлақты
тауып бер депті»— деп.
Сонда мен ойлаушы едім: ей, Құдай-ай, бізден басқа халықтың бəрі
антұрған, жаман келеді екен, ең тəуір халық біз екенбіз деп, əлгі айтылмыш
сөздерді бір үлкен қызық көріп, қуанып күлуші едім.
Енді қарап тұрсам, сарттың екпеген егіні жоқ, саудагерінің жүрмеген жері
жоқ, қылмаған шеберлігі жоқ. Өзіменен өзі əуре болып, біріменен бірі ешбір
шаһари жауласпайды. Орысқа қарамай тұрғанда қазақтың өлісінің ахиреттігін,
тірісінің киімін сол жеткізіп тұрды. Əке балаға қимайтұғын малыңды кірелеп,
сол айдап кетіп тұрды гой. Орысқа қараған соң да, орыстың өнерлерін бізден
олар көп үйреніп кетті. Үлкен байлар да, үлкен молдалар да, ептілік,
қырмызылық, сыпайылық — бəрі соларда. Ноғайға қарасам, солдаттыққа да
шыдайды, кедейлікке де шыдайды, казаға да шыдайды, молда, медресе сақтап,
дін күтуге де шыдайды. Еңбек қылып мал табудың да жөнін солар біледі,
салтанат, əсем де соларда.
Оның малдыларына құзғын тамағымыз үшін, біріміз жалшы, біріміз қош
алушымыз. Біздің ең байымызды: «сəнің шакшы аяғың білəн пышыратырға
қойған идəн түгіл, шық, сасы қазақ»,— деп үйінен қуып шығарады.
Оның бəрі бірін-бірі қуып, қор болмай, шаруа қуып, өнер тауып, мал тауып
зор болғандық əсері.
Орыска айтар сөз де жоқ, біз құлы, күңі қадарлы да жоқпыз.
Бағанағы мақтан, бағанағы қуанған, күлген сөздеріміз кайда?

Абай Құнанбайұлы

Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники